СҚО-да әр аудан орталығында инклюзия кабинеттері ашылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы 6 аудан орталығында инклюзия кабинеті ашылды. Биыл бұл жұмыстар жалғасын таппақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Білім басқармасының мәліметінше, Шал ақын ауданындағы Е.Бөкетов атындағы орта мектеп-гимназиясында ерекше бiлiм беру қажеттiлiгi бар 25 балаға арналған инклюзияны қолдау кабинетi ашылды. Бұл – соңғы үш айда аудан орталықтарында ашылған осымен алтыншы кабинет.

Инклюзия кабинетінде балаларды дамыта отырып білім беру үшін бар жағдай жасалған. Осы мақсатта заманауи құрал-жабдықтармен және оқу-әдiстемелiк кешендермен жабдықталды.

Өңірде мүмкіндігі шектеулі 2 159 бала тұрады. Шал ақын ауданында ғана туасынан 18 жасқа дейiнгi 209 «ерекше» бала бар. 2020 жылдың наурызына дейiн облыста тағы да 6 кабинет ашылады деп жоспарланған.

«Облыстың барлық аудан орталықтарында инклюзия кабинеттерін ашу бастамасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін үлкен көмек», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Петропавлда өткен жылы көптен күткен аутизм орталығы ашылды. «Аутизм. Әлем баршаға ортақ» — бұл Қазақстандағы сегiзiншi орталық, мұнда аутистiк спектрi бұзылған балаларға жоғары бiлiктi көмек тегін көрсетіледi. Орталыққа қазір 150-ден астам бала барып жүр. Жалпы облыста 400-ден астам балаға аутизм диагнозы қойылған.




Соңғы жаңалықтар