СҚО-да аптап ыстыққа байланысты жедел жәрдем шақыратындар күрт көбейді

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында аптап ыстық жүрек-қантамыр ауруы барларға қиын соғып жатыр. Жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінушілер саны артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да он шақты күннен бері термометр бағанасы +35 градустан түспей тұр. Аномальды ыстық ауа райы тұрғындардың мазасын алған.

СҚО жедел медициналық көмек көрсету орталығы директоры Юрий Белоногтың айтуынша, күннің ыстығы жедел жәрдем қызметінің жұмысын көбейткен.

Бұл күндері тәулігіне 450-500 шақырту түседі. Оның шамамен 150-і жүрек-қан тамырлар аурулары - инсульт, инфаркт, гипертония бойынша.

«Аптап ыстыққа байланысты жүрек-қан тамырлары аурулары асқынған. Ағза сусызданып, салдарынан қан қоюланып, дұрыс жүрмейді. Инфаркт, инсульт осы күндері 25% өскен. Күн өтіп, зардап шекпеу үшін күн астында жүруді шектеу қажет. Бүйрек ауырмаса көбірек су ішкен жөн. Ал жүрек-қантамыр ауруымен ауыратындар міндетті түрде үнемі ішетін препараттарын: артериалдық қысымды төмендететін дәрілерді, антиаритмиялық, антикоагулянттарды пайдалану қажет», - дейді Юрий Белоног.

Дәрігердің айтуынша, күн ыстықта балалар мен егде жастағылар көбіне зардап шегеді. Оған ағзадағы жылу беру механизмінің ыстыққа төтеп бере алмауы себеп.

Салдарынан дене қызуы көтеріледі, бұл - қауіпті.

«Күннің ыстығы егде жастағылардың орталық нерв жүйесіне әсер етуі мүмкін. Психикасы бұзылады, бізде осындай шақырту болды. Жалпы осы күндері күн өткен 10 шақырту түсті. Бір жағдайда зейнет жасындағы әйелді ауруханаға жатқыздық. Егер де күн өткен болса, адамды тезірек көлеңкеге жатқызу керек. Суық су бүрку қажет. Егер есінен айырылмаса, су ішкізген жөн. Сондай-ақ жедел жәрдем қызметін шақыру керек», - дейді Юрий Белоног.

Соңғы жаңалықтар