СҚО-да антикор тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына талдау жасамақ

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына талдау жасамақ. Осылайша жемқорлық тәуекелдерін анықтауды мақсат еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған соңғы кезде осы саланың жұмысына қатысты тұрғындардан келіп түсіп жатқан арыз-шағымдар және БАҚ-тағы жарияланымдар себеп болған.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің жақында тағайындалған басшысы Сергей Перов облыстық әкімдікте өткен жиында автожол саласы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық проблемаларын Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті жеке атап өткенін еске салды.

«Бізге келіп түсетін өтініштердің басым көпшілігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және көлік салаларына қатысты. Тұрғындар мен кәсіпкерлердің шағымдары, ең өзекті мәселелер бойынша БАҚ-тағы жарияланымдар әрбір мемлекеттік орган үшін тиісті шаралар қабылдауға белгі болуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірнеше жыл қатарынан қалалық және аудандық әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғады. Құқық бұзушылық фактілері бюджет қаражатын ұрлауда жүйелі сыбайлас жемқорлық схемаларының бар екенін көрсетеді», - дейді Сергей Перов.

Бұған дейін Петропавл қаласы әкімдігінің «Коммунхоз» коммуналдық кәсіпорнына қатысты жанжал шыққанын айтқан едік. Ұйымға 18 атқарушылық іс қозғалды, оның бизнес субъектілері алдындағы жалпы қарызы 400 млн теңгеден асады. Кәсіпорын өзінің шарттық міндеттемелерін орындамаған. Яғни тапсырыстарды алып, оны атқаруға қосалқы мердігерлерге берген. Ал жұмыс аяқталғасын, оларға тиісті төлемді жасамаған.

«Кәсіпорын орындауға қауқары жетпесе де ешқандай бәсекелессіз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен млрд-таған теңгенің шарттарына тікелей отырып, кейін жұмысты қосалқы мердігерге береді. Бұл қолданыстағы заңнамаға түбегейлі қайшы келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің осы кәсіпорынның қызметіне қатысты сұрағы көп. Біз бұл мердігерлерді және олардың артында тұрғандардың бәрін білеміз», - дейді Сергей Перов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауы жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауды, тұрғын үй алу кезегін бөлуді, жолаушылар тасымалына бақылауды ұйымдастыруды және абаттандыруды қамтымақ.

«Талдау қорытындысы бойынша, әсіресе Петропавл әкімдігінде және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында ауқымды өзгерістер қолға алынуы тиіс. Атап айтқанда, қайта құрылымдап, оңтайландыру, барлық бизнес-процестерді цифрландыруға және анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толық жоюға қаражат бөлу. Талдау осы саладағы мәселелерді заңсыз шешу мүмкіндктерін түбегейлі жоюы керек», - дейді департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар