СҚО-да «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 91 әйел жақында нәрестелі болмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасының нәтижесінде көптен бала күтіп жүрген 91 ерлі-зайыпты нәрестелі болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдікте өткен жиында вирусқа қарсы қауіпсіздік орталығының басшысы Қаныш Бижанов денсаулық саласында атқарылған жұмыстардың кейбіріне тоқталды. Маманның айтуынша, биыл өңірде перинаталдық орталық жанынан генетикалық зертхана ашылды. Бұл жүкті әйелдердің құрсағындағы шарананың туа бітті генетикалық ауытқуын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін облыстың 300-ден астам жүкті әйелі осындай тексеруден өту үшін республиканың басқа өңірлеріне баруына тура келетін. Ал зерттеулер ақылы жасалатын. Орталық ашылған 4 айдың ішінде 50-ден астам болашақ ана тегін тексеріліп, 8 жағдайда генетикалық аурулар анықталды.

«Бұл – еліміздің солтүстігінде ашылған алғашқы зертхана. Диагностикалық қызметті ешқайда бармай-ақ алу әйелдердің және олардың балаларының денсаулығын сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ биыл балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Бұрын елордада немесе шетелде мамандардың көмегіне жүгінген 150 бала ем-дом алды», - дейді Қаныш Бижанов.

СҚО-да «Аңсаған сәби» бағдарламасы сұранысқа ие. Биыл 218 ерлі-зайыпты ЭКО-дан өтуге жіберілді. Олардың 91-і жақында көптен күткен сәбилерін бауырларына баспақ. Яғни, бағдарламаға қатысқан жұптардың 41,7 %-ы сәби сүйеді.


Соңғы жаңалықтар