СҚО-да алты айда 20 әскери қызметші баспаналы болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл гарнизонының 20 әскери қызметшісі мемлекеттік бағдарламалар аясында баспанаға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр ҚР Қорғаныс істері министрлігінің қолдауымен әскери қызметшілердің баспана мәселесін шешу мақсатында «Әскери баспана» бағдарламасы іске қосылды.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қорғаныс істері департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2012 жылдан бастап жалдамалы пәтерде жүрген әскерилерге өтемақы төленіп келсе, енді ол тұрғын үй төлемдеріне ауыстырылды. Яғни, қаражат бұрынғыдай қызметшілердің қолына берілмей, екінші деңгейлі банктерде ашылған арнайы жеке шоттарға аударылады. Осы аударымдарды әр әскери қызметші «Әскери баспана», «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы баспана алуға жұмсай алады.

«Бұдан басқа «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік бар. Несиенің мөлшерлемесі жылына 7%-дан аспайды және төлеу мерзімі де тиімді. Мұның бәрі әскери қызметшілердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған», - дейді СҚО Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Дәулет Толыбай.

Департаменттің әскерге шақыру бойынша бөлімінің бастығы Әнуар Ибраев бүгін қоныс тойын тойлап жатыр. Бұл күнді ол 10 жылға жуық күткен екен. 2008 жылы әскери қызметке орналасқан ол содан бері отбасымен пәтер жалдап келген екен.


«Екі қызым бар. Өз үйің, шаңырағың болмағандықтан отбасымен бірге көшіп жүру қиын екен. Қазір, міне, еңбек демалысым жағымды машақатпен өтіп жатыр. Негізі былтыр баспана алуға өтініш тастаған едік. Белгілі себептермен берілмеді. 1 ай бұрын қайта өтініш жазып, бүгін 3 бөлмелі пәтерге кіріп жатырмыз. Біздің «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінде» 10 айдай жинаған ақшамыз болды. Ол бастапқы жарна ретінде алынды. Мен әскери қызметтен зейнетке шыққанға дейін төлем жасалады. Зейнетке шыққан кезде бұл пәтер менің атыма аударылады», - дейді қуанышымен бөліскен Әнуар Ибраев.

СҚО Қорғаныс істері департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Айман Әбжаппарованың айтуынша, баспанасы жоқ әскери қызметшілердің барлық санаттағы мамандары үшін бірыңғай тұрғын үй төлемі жасалады. Сонымен қатар әскери салада 20 және одан көп жыл еңбек еткен әскерилерге қызметтік үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы қайтарылды. Ал қызметтік тұрғын үйлермен қамтамасыз етілген әскери қызметкерлерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнайы шоттарына тұрғын үй төлемдерінің 50% аударылады. Тұрғын үйлермен қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнайы шоттарына тұрғын үй төлемдерінің 100% салынады.

Жалпы, СҚО-да жарты жылдың ішінде 20 әскери қызметші «Әскери баспана», ­«7-20-25» және ­«Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша баспаналы болды. Тағы 40-қа жуық әскери қызметшіге тұрғын үйді жалдап тұрғаны үшін ақшалай өтемақы төленуде.

Соңғы жаңалықтар