СҚО-да алимент төлемеген борышкер Германиядан табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон қызметі «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, іздеудегі 16 адамның жүрген жерін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс бойынша алимент төлемей жүрген 21 адам, 29 борышкер және туыстық байланыс үзілген 19 адам іздестіріліп жатыр.

17-19 ақпан аралығында өтіп жатқан «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бұл жұмыстарға көші-қон қызметінен бөлек полицияның басқа бөлімшелері де жұмылдырылды.

Тайынша аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын келіп, 52 жастағы ағасынан қыркүйектен бері хабардың жоқтығын айтқан.

Ол табыс табуға кетіп, байланысқа шықпай қойыпты. Полицейлер екі күннің ішінде оның жүрген жерін анықтады.

Ер адам елордалық шаруашылықтардың бірінде түрлі жұмыстарды атқарып келген екен.

«Борышкерлер шетелге шығып кеткен жағдайда олардың жүрген жерін анықтау қиын. Мәселен осындай борышкерлердің бірі Германияға шығып кеткен. Көші-қон қызметі онымен телефон арқылы хабарласып, жағдайды түсіндірді. Өйткені соттың шешімімен ол алимент бойынша борышкер. Енді ресми органдар оның жүрген жерін растағаннан кейін ісі сот орындаушыларына беріледі», - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілев.

«Борышкер» операциясының екі күнінде туыстық байланыс үзілген 3 адамның, алимент төлемей жүрген 3 адамның және 12 борышкердің жүрген жері анықталды.


Соңғы жаңалықтар