СҚО-да алимент бойынша қарызы бар 29 борышкер қамауға алынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 243 адамның алимент бойынша қордаланған қарызы 400 млн теңгеден асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әділет департаментінің мәліметінше, өңірде 6 165 адам алимент төлейді. Олардың 3 800-і өз міндетін жүйелі түрде орындайды.

«Алимент төлемеушілерге заң аясында түрлі шаралар қолданылады. Алайда, бұл көп жағдайда оң нәтиже бермейді. Олар өз тарапынан біздің шектеуімізбен келіспей, түрлі органдарға шағымданып жатады.

Нотариалдық іс-әрекеттерге, борышкердің мүлкіне, екінші деңгейдегі банктердегі шоттарға шектеу қойылады. Қазақстаннан тыс жерлерге шыға алмайды. Сондай-ақ, іздеу салынады. Мұндай шараларға қарамастан қарыздарын әлі күнге дейін өтемей жүргендер бар», - дейді СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы Ақлима Бекенова.

Өңірде былтыр алимент төлеуден қашып жүрген борышкерлердің саны 771 болса, биыл 243 адамға дейін азайған. Баласынан мүлдем безіп, жылдап ақша төлемейтіндердің берешегі де 1 млрд теңгеден 400 млн теңгеге дейін кеміген.

Ақлима Бекенованың айтуынша, заң бойынша борышкерлерді көлігін басқару құқығынан айыруға болады. Биыл осылайша 73 борышкер уақытша жүргізуші куәлігінен айырылды. 68 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 29-ы қамауға алынса, 39-ына айыппұл салынды. 149 адамның ісі қылмыстық іс қозғау үшін ішкі істер органдарына жіберілді. Алайда оның 45-і ғана Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. 16 қылмыстық іс тараптардың мәмілеге келуіне байланысты тоқтатылса, 3 борышкер сотталды.

Ал жұмыссыз жүргендердің балаларына алимент төлеуге мүмкіндігі болуы үшін сот орындаушыларының өңірлік палатасы қалалық және аудандық жұмыспен қамту бөлімдерімен бірге «Бос орындар жәрмеңкесін» тоқсан сайын өткізіп тұрады. Оған 23 борышкер қатысып, 6-уы жұмысқа орналасты.


Соңғы жаңалықтар