СҚО-да Алик Шпекбаев Бірыңғай азаматтарды қабылдау күніне қатысты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Бірыңғай азаматтарды қабылдау күнінде 500-ден астам адамның өтініш-мәселесі қаралды. Республикалық іс-шараға СҚО-да жұмыс сапарымен жүрген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасында белгілеген міндеттерді орындау мақсатында «Бірыңғай азаматтарды қабылдау күні» жалпыреспубликалық іс-шарасы аясында Алик Шпекбаев Петропавлда азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

СҚО-ның жас кәсіпкері Тимур Жүсіпов ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия беру мәселесін қозғаса, «Жақсы тұз Петропавл» ЖШС жетекшісі Ерік Әзенов жер қатынастары саласына қатысты сұрақты көтерді.

Бұдан басқа, Агенттік төрағасына солтүстікқазақстандықтар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты, әлеуметтік қамту бойынша да сұрақтар қойды.

«Барлық өтініштер менің жеке бақылауымда болады. Әр сауалды жеке-дара зерделеп, мәселені шешу бойынша жергілікті департаментке нақты тапсырма берілді», – деді Алик Шпекбаев.

Сондай-ақ, қабылдауға келген азаматтар «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және «Бизнес пен инвестицияны қорғау» жобасының жұмысы туралы айтып, оң бағаларын берді.

Айта кеткен жөн, бүгін ел аумағында тұрғындармен тікелей қарым-қатынасты нығайтып, сенімін арттырып, әлеуметтік сұрақтарын шешуге бағытталған жалпыреспубликалақ Бірыңғай азаматтарды қабылдау күні өтіп жатыр. СҚО-да іс-шараға 500-ден астам тұрғын өз өтінішімен келді.

Соңғы жаңалықтар