СҚО-да алғаш рет балға арналған көрме-байқау өтті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет бал көрмесі-байқауы ұйымдастырылды. Өңірде бұл сала дамып келеді, соңғы жылдары омарташыларды тіпті оқу орнында арнайы даярлайтын болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да қазіргі уақытта 2 мыңнан астам адам омарташылықпен айналысады. Олар жылына 600 тонна бал өндіреді. Бұл өңірдегі өте тез дамып келе жатқан салалардың бірі. Сондықтан Петропавлдағы колледждердің бірінде омарташылыққа арнайы оқытатын болған.

«Омарташылық ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Қазір шаруалар араларға азық болатын майлы дақылдардың алқабын ұлғайтып жатыр. Шабындық жерлер де көбейген. Бұл салаға білікті мамандар керек. 2018 жылдан бастап Петропавлда омарташы мамандары даярлана бастады. Осы аралықта бұл мамандықты 43 адам алып шықты. Олардың 39-ы жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде 11-і отбасылық бизнес ашты», - дейді СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.

Омарташылар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында даярланып, жыл сайын білім беру тапсырысы жасалады. Бұл колледж СҚО-ның омарташылар қауымдастығымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Студенттер Қызылжар ауданы Иваново елді мекенінде орналасқан оқу орнының шаруашылығында өндірістік тәжірибеден өтеді. Жеке кәсіпкерлермен де тығыз байланыс орнатылған. Олар студенттерді қуана өздеріне тәжірибеден өтуге алады. Солардың бірі - Олег Гаврилов омарташылықпен 20 жылдан астам уақыт айналысып келеді.

«Біз бұл салада еліміз бойынша көшбасшы бола аламыз. Оған өңірдің әлеуеті жоғары. Осылайша Шығыс Қазақстан облысына бәсеке тудыра аламыз. Біз басқа облыстарға, көрші Ресейге жәрмеңкелерге жиі барамыз. Балымыз сұранысқа ие, ақ қайыңдар өлкесінің балы деп іздеп жүріп, таласа алады. «, - дейді Олег Гаврилов.

Қазір колледжде 200-ге жуық студент бар. Оның 30-ы – омарташы мамандығына оқып жатыр. Балалар 2 жылға жуық уақыт білім алады. Бүгін оқу орнында жаз бойғы еңбектің нәтижесі қорытындыланды.

«Бүгін бал көрмесін өткізіп жатырмыз. Оған біздің студенттер тәжірибеден өтетін әлеуметтік әріптестеріміз – өңірдің кәсіпорындары қатысып жатыр. Өнімдерін өз ісін ашқан біздің түлектеріміз әкеліп отыр. Жазда өздігінен омарта қойған студенттеріміз де қатысып жатыр. Бұл балдың барлығы – биылғы жылдың өнімі.

Байқау 6 аталым бойынша өтіп жатыр. Әр өнімнің дәмін татып, дауыс беру арқылы үздігін анықтаймыз. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарымыз бар. Алғаш рет өтіп отыр, сондықтан биыл колледжде ұйымдастыруға шешім қабылдадық. Келер жылы облыс деңгейінде өткізуді жоспарладық», - дейді колледж директоры Анатолий Грязнов.



Соңғы жаңалықтар