СҚО-да әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тексерілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының келер жылы әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындығын тексеру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аудит өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірге аудит жүргізуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова келді.

«Облыстың әрбір тұрғынының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысқаны туралы хабардар болуы маңызды. Сондай-ақ, ешкім медициналық көмексіз қалмауы үшін керек. Ол үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен және жұмыссыздармен түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Қалған уақытта медперсоналмен және емханалармен жұмысты күшейту қажет», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі МӘМС енгізу жөніндегі өңірлік штаб мүшелерімен кездесуде.

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу нәтижесінде республика бойынша медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы көлемі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір жарым есеге, 1,569 трл теңгеге дейін артады.

«Қалпына келтіру емі мен паллиативтік көмекті қаржыландыру көлемі 9 есеге, консультациялық-диагностикалық көмекке – 6,5 есеге, стационарды алмастыратын көмекке бөлінетін қаражат – 2,3 есеге артады», - дейді ведомствоның жауапты хатшысы.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 2020 жылы салаға 38,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыру жоспарланған, бұл 2019 жылғы бюджеттен 1,2 есе жоғары.

Облыстың ықтимал жеткізушілер деректер базасында өңірдің 56 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген, оның ішінде 26 – мемлекеттік, қалған 30 - жеке меншік.

Келесі жылдың алғашқы үш айында елдің барлық тұрғындары «шартты түрде сақтандырылған» деп есептеледі. Барлық қазақстандықтар үшін, оралмандар мен тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерді қоса алғанда, кепілдендірілген медициналық көмектің тегін пакеті әрқашан қолжетімді болып қала береді. Бұл санатқа елде тұрақты тұратын, алайда азаматтығы жоқ тұлғалар да кіреді. ТМККК пакетіне бастапқы, шұғыл және жедел жәрдем, бірқатар созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау мен емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді. Мемлекет азаматтардың жеңілдікпен берілетін санатына кіретін 10 млн қазақстандық үшін МӘМС жүйесіне жарна төлейтін болады, оның ішінде зейнеткерлер, балалар, студенттер, жүкті әйелдер және бала күтіміне байланысты демалыста жүргендер, мүгедектер бар.

Соңғы жаңалықтар