СҚО-да алдағы 5 жылға арналған жол картасын жүзеге асыруға 900 млрд теңге жұмсалмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды уәделерін іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясының СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы 30 негізгі нәтиже мен таяудағы 5 жылға жоспарланған 99 іс-шараны қамтиды.

Құжатты СҚО әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев облыстық мәслихат жанындағы «Nur Otan» депутаттық фракциясының отырысында таныстырды.

Барлық іс-шаралар сайлауалды бағдарламаның 7 бағытын қамтиды. Олар – «Экономикалық тұрақты өңір», «Жайлы өңір», «Әлеуметтік-бағытталған өңір», «Жастарға арналған өңір», «Бай тарихы мен мәдениеті бар өңір», «Ашық және есеп беретін жергілікті органдар» және «Қауіпсіз өңір».

Картаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 435,4 млрд теңге және 475,1 млрд теңге жеке инвестициялар мөлшерінде қаражат көзделген.

«5 жыл ішінде 70,2 млрд теңге жергілікті маңызы бар 2,7 мың км жолды қалыпқа келтіруге жұмсалады, бұл сапалы жолдардың үлесін 69 %-дан 98 %-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Облыстың 142 ауылында сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңарту жоспарланған. Бұл мақсаттарға шамамен 71 млрд теңге бөлінеді. Құрылыста біз жалпы ауданы 1,9 млн шаршы метрден асатын көп пәтерлі тұрғын үйлерді іске қосамыз», - деді Асқар Сақыпкереев.

Жалпы барлық 7 бағыт бойынша нақты нәтижелер анықталып, жылдар бойынша белгіленді.

Мәселен, Петропавл қаласында көпбейінді облыстық аурухана мен қазіргі заманғы жұқпалы аурулар ауруханасын салу, 31 денсаулық сақтау ұйымына күрделі жөндеу жүргізу, Солтүстік Қазақстан университетінің оқу-зертханалық корпусын, студенттер үшін 1200 орындық 2 жатақхананы салу, 50-ден астам спорт нысандарын ашу, мемлекеттік қызметтерді 100% автоматтандыру, полицияның учаскелік пункттеріне online режимде кескін шығаратын 600-ге жуық бейнекамераны орнату секілді жұмыстар жоспарланған.

«Жол картасына халыққа берген уәделерді толық әрі сапалы орындау жөніндегі барлық қажетті шаралар енді. Сіздер, депутаттар, алдағы уақытқа қандай жұмыстар жоспарланғанын толық көріп отырсыздар. Әр шара бойынша қаржы көздері көрсетілген. Ендігі міндет, осы жұмыстың уақытында орындалуын, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау. Ал барлық шараны іске асыру халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретінін сіздер жақсы түсінесіздер», - деп атап өтті «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалының төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Жол картасын талқылағаннан кейін депутаттық фракцияның қатысуымен партияның облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының отырысы өтті.

Қатысушылар дауыс беріп, бір ауыздан жол картасын бекітті.


Соңғы жаңалықтар