СҚО-да алдағы 5 жылда 20 мың га алқапқа 100 млн көшет отырғызылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтқан тапсырмасына орай алдағы 5 жылда 100 млн көшет отырғызу жоспарланған. Кешенді жоба биылдан бастап жүзеге асырыла бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында кешенді жоба әзірленген. Мәселен биыл 850 га аумаққа 2 млн 270 мың көшет отырғызу жоспарланған. Егілетін тал көлемі жыл сайын ұлғайтылып отырады. Осылайша 2025 жылы 36 млн 710 мың көшет отырғызылмақ. Бұл мақсатқа осы аралықта 5 млрд артық теңге жұмсалмақшы.

«Көшетті тұқымнан тәлімбақтарда өсіріп шығарамыз. Ол үшін қарағай мен қайыңның тұқымы жиналады. Екі жыл бойы өсіріп, тек содан кейін ғана оны егеміз. Жоспарланған көрсеткішке қол жеткізу үшін тәлімбақтардың аумағын ұлғайту қажет болады. Қазір облыстың орман шаруашылықтары осы мәселемен айналысып жатыр», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жетекшісі Бейбіт Исманов.

Биыл орманшылар қарағай мен қайыңның 4,5 тонна тұқымын әзірлемек. Сондай-ақ тәлімбақтардың аумағын тағы 40 га ұлғайтуды жоспарлаған.

«Былтыр СҚО елді мекендерін көгалдандырудың және жасыл аймақ құрудың 2021-2025 жылдарға арналған аймақтық жоспары бекітілді. Яғни біз орман алқаптарын ұлғайтып қана қоймай, ірі елді мекендерді де көгалдандырамыз. Биыл осы өңірге бейімделген ағаштардың 97,2 мың көшетін отырғызамыз. Осылайша 5 жылдың ішінде 500 мың ағаш егеміз, оның жартысы Петропавлға көрік бермек», - дейді Бейбіт Исманов.


Соңғы жаңалықтар