СҚО-да алаяқтық жасаған учаскелік инспектор 1,1 млн теңге айыппұл төлейді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қызмет бабын пайдаланып, алаяқтыққа барған учаскелік полиция инспекторына қатысты сот үкімі шығып, оған 1 млн 125 мың теңге айыппұл төлеу жазасы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы «Аntikor ortalyǵy» сервистік орталығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысы Ернар Баянғазин сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің алдын алу және жолын кесу мақсатында жиын өткізді.

Ернар Баянғазиннің айтуынша, 11 тамыз күні СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына М.Жұмабаев аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы мен оның тағылымгеріне қатысты тұрғыннан арыз түседі.

Тергеу барысында полицияның учаскелік инспекторының қызмет лауазымын пайдаланып, алаяқтыққа барғаны анықталды.

8 тамыз күні полицияның учаскелік инспекторы мен оның тағылымгеріне жергілікті дүкендердің бірінің иесі шағымданған. Әйел одан белгісіз біреудің полиция майорымын деп өзін таныстырып, 4 мың 200 теңге қарызға алып, бермей жүргенін айтқан. Тәртіп сақшыларын қарызын қайтаруға көмектесуді сұраған.

10 тамыз күні полицияның учаскелік инспекторы мен оның тағылымгері жұмыс уақытында жалған майорды тауып, оған қарызға байланысты дүкен иесінен жазба түрде арыз түскендігін өтірік айтқан. Ақшаны қайтарып, татуласу қажеттігін айтқан.

«Дүкенге қарыз сол күні-ақ қайтарылған. Алайда учаскелік инспектор жоқ арызды алға тартып, мәселені оң шешу үшін дүкеннен қарыз алған адамнан 150 мың теңге талап еткен. Қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қорыққан тұрғын оның заңсыз талабын орындамақ болуға келіседі. 11 тамыз күні полиция қызметкері ақша алу кезінде ұсталды», - дейді СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ернар Баянғазин.

10 қыркүйек күні Петропавл қалалық соты полицияның учаскелік инспекторына үкім шығарды. Экс-полицей алған парасына сәйкес 7,5 есе мөлшерде – 1 млн 125 мың теңге айыппұл төлейтін болды. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан және полицияның аға лейтенанты шенінен айырылды.

«Қылмыстың жасалуына басшылық тарапынан дұрыс бақылаудың болмауы себеп. Қызметкерлер жұмыс уақытында қызметтік көлікті өз мақсатында жұмсайды. Тікелей басшыларын ескертпей және негізсіз жедел-іздестіру шараларын жүргізеді. М.Жұмабаев аудандық полиция бөлімі басшылығы жұмыс күнін жоспарламайды», - дейді департамент басшысы.

Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет заңға сүйене отыра М.Жұмабаев атындағы аудандық полиция бөлімінің басшылығын тәртіптік жауапкершілікке тартуға, жеке құраммен сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімдерін жетілдіру бойынша сабақ өткізіп отыруға және күнделікті жұмыс күнін жоспарлауға ұсыныс енгізді.


Соңғы жаңалықтар