СҚО-да алаяқтық жасаған шенеуніктің жазасы прокурорлардың араласуынан кейін қатаңдатылды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы М.Ағажанов алаяқтық жасағаны үшін енді айыппұл төлемейді, жазасын өтеуге түзету мекемесіне жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы М.Ағажанов бүгін түзету мекемесіне жазасын өтеуге жіберілді.

Ол фискалдық органның өкілі бола отыра, салыққа қатысты мәселені шешуге көмектескені үшін кәсіпкерді алдау арқылы 1 млн 250 мың теңге сомасында заңсыз материалдық сыйақы алған. Ағажановтың іс-әрекеті ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасау» бойынша қаралды.

Петропавл қалалық соты М.Агажановты кінәлі деп танып, аталған факті бойынша оған айыппұл салды.

Облыс прокуратурасы істің мән-жайын ескере отырып, мұны тым жұмсақ үкім деп шешті, осыған байланысты заңды түрде өз наразылығын білдірді.

Апелляциялық сот прокуратураның дәлелдерімен келісе отырып, М.Агажановты 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ экс-шенеунік өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот қаулысы сол күні заңды күшіне енді.



Соңғы жаңалықтар