СҚО-да әкімдіктер жергілікті шаруашылықтармен меморандумға отырып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті шаруашылықтарға ауылдардың бірқатар әлеуметтік мәселесін шешу міндеттеліп, меморандум жасалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жыл басталғалы ауылдарды аралап, тұрғындармен, шаруашылықтармен кездесулер өткізіп жатыр. Мақсат – ауылдардың жағдайымен танысу.

Қ.Ақсақалов Тайынша ауданы Ясная Поляна елді мекенінде де болды. Жергілікті шаруалардың қорытынды есебін тыңдап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Жиында Ясная Поляна ауылдық округін дамытудың 2022 жылға арналған жоспары анықталып, меморандумға қол қойылды. Бұл жайында өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Жиында «Тайынша Астық» және «Вишневское» серіктестіктерінің басшылары ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бойынша нақты міндеттемелер алды. Бұл 10 жаңа жұмыс орнын ашу, қызметкерлердің еңбекақысын көтеру, үйлерді жылу желілеріне қосу және саябақты жөндеу. Оған қоса, тыңайтқыштарды дайындайтын цех ашылады. Сондай-ақ, шаруалардың ауыл дүкендерін төмен бағадағы өз өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Бұл тармақ та меморандумға енгізіледі», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, Ясная Поляна ауылдық округіне жыл сайын мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мәселен, ауыл ішілік жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылды, ойын алаңдары орнатылды. Вишневка ауылында жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал биыл Ясная Поляна ауылына дейінгі 53 шақырым жолды жөндеу бойынша екі жылдық жоба іске қосылады.


Соңғы жаңалықтар