СҚО-да «Ақ бидай-2021» спорттық ойындарының жеңімпаздары анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Ақ бидай-2021» спорттық ойындар аяқталды. Қызылжар ауданының құрама командасы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, «Ақ бидай-2021» спорттық ойындарының екінші кезеңі биыл эпидемиологиялық жағдайға байланысты күзге қалдырылып, жоспарланғандай Айыртау ауданында емес, Петропавлда өтті. Бұл жолы 13 ауданнан келген спортшылар велоспорттан, еркін күрестен, бокс, ату, үстел теннисі, шахмат пен дойбыдан жарысты.

Дәстүрлі спорт ойындарының бірінші кезеңі 1-3 шілде аралығында өтіп, аудандардың спортшылары жеңіл атлетикадан, гір көтеруден, ауыр атлетикадан, волейбол, баскетбол және футболдан сынға түсті. Жалпыкомандалық есепте Айыртау ауданының спортшылары бірінші орыннан көрінсе, Қызылжар мен М.Жұмабаев аудандарының құрама командалары екінші-үшінші орындарды бөлісті.

Бұл жолы Ақжар ауданының балуандарына тең келер жан болмады. Велоспортта Айыртау ауданы көш бастаса, үстел теннисінде қызылжарлықтар үздік атанды. Тайынша ауданының шахматшылары алдарына жан салмады, ал дойбыдан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның спортшылары жеңіске жетті. Тимирязьдықтар мергендіктерін көрсетсе, шаршы алаңда Қызылжар ауданының боксшыларына ешкім төтеп бере алмады.

Нәтижесінде барлық спорт түрлерінің қорытындысы бойынша «Ақ бидай-2021» спорттық ойындарының кубогын және бас жүлде 300 мың теңгені Қызылжар ауданының спортшылары жеңіп алды. Екінші орын мен 200 мың теңге М.Жұмабаев ауданы, ал 100 мың теңге мен үшінші орын Тайынша ауданының спортшыларына бұйырды.

Келесі жылы «Ақ бидай-2022» спорт мерекесі Ақжар ауданында өтетін болды.


Соңғы жаңалықтар