СҚО-да әділет департаментінің қызметкері лауазымын пайдаланып, пара сұраған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығын қорғау бөлімінің бас маманы пара алды деп айыпталып, дәлелдердің жеткіліксіздігінен қылмыстық іс уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, әділет департаментінің қауіпсіздік қызметі қызметтік тексеріс жүргізіп, нәтижесінде зияткерлік меншік құқығын қорғау бөлімі бас маманының пара алғанын анықтаған. Қылмыстық іс тергеу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке беріледі.

Мамандардың айтуынша, бөлімнің бас маманы кәсіпкердің «StarLain» тауарлық белгісін қаншалықты заңды пайдаланып жүргенін тексермек болған. Алайда заңбұзушылықтар анықталып, ол заңсыз сатылған 3 автокөлік дабылқаққышының тек біреуін ғана айналымнан алу үшін сыйақы сұраған.

«Ішкі қауіпсіздік бөлімі барлық материалды біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолдады. Тергеу барысында барлық материалдар толық зерделенді. Сұрақ-жауап барысында ақшаны бергені, алғаны анықталды. Бірақ бұл істің аяқталғанын білдірмейді. Өйткені видео, аудио тіркеу болған жоқ. Сондықтан да бұл бас маманды қылмыстық жауапкершілікке тартуға жетпейді», - дейді СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрлан Жахин.


Оның айтуынша, соған қарамастан әділет департаменті бөлімінің қызметкері мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Оған барлық негіз бар.

«Сыбайлас жемқорлыққа жол берді. Мемлекеттік қызметші қызметін асыра пайдаланып, сол арқылы табыс таппақ болды. Сол себепті бұл маманға теріс уәжбен жұмыстан шығару сияқты қатаң шара қолдану қажет. Ал әділет департаментінің ұжымы болашақта осындай жағдайларға жол бермес үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысын жандандыруы тиіс», - дейді Нұрлан Жахин.

Қазіргі уақытта пара алмақ болған бас маман денсаулығына байланысты уақытша демалыс алған.

Жалпы былтыр СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 125 ұсыныс жіберіп, оның 118-і еңбек ұжымдарында қаралған. Нәтижесінде, 53 тәртіптік жаза қолданылды, соның ішінде 7 адам жұмысынан алынып, біреуі қызметінен төмендетілді.


Соңғы жаңалықтар