СҚО-да адасып кеткен баланы шекарашылар тауып алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында адасып кеткен баланы шекарашылар тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Парақшада жарияланған мәліметтерге қарағанда, 16 қараша күні кешке ҰҚК Шекара қызметі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің «Ақкөл» бөлімшесінің шекарашыларына жедел және техникалық құрал арқылы шекара маңында бөтен адамның жүргені туралы хабар түскен.

Лейтенант Берік Нұрахметов ұйымдастырған сауатты іздестіру іс-шараларының нәтижесінде шекара бұзды деп күдік келтірілген адамның орнына жаңбырлы күні далаға шығып адасып кеткен 11 жастағы «Т» атты жергілікті тұрғын табылды.

Шекарашылар баланы бөлімшеге жеткізіп, ыстық шай мен құрғақ киім берген. Артынан Мамлют ауданының учаскелік инспекторы полиция майоры К.Т. Исинмен бірге баланы оның ата-анасына тапсырған.

«Естеріңізге сала кетейік, Қазгидрометтің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасы салқын, кешке және түнде күн минус 14 градусқа дейін төмендейді.
Өзіңізге және жақын туыстарыңызға мұқият болыңыз!»,-делінген шекарашылар таратқан мәліметтерде.


Соңғы жаңалықтар