СҚО-да адам өміріне араша түскен тәртіп сақшылары марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлерінің қысқы нысандық киімге ауысуына байланысты өткен жеке құрамының саптық байқауы барысында адам құтқарған бірнеше тәртіп сақшысы марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Динамо» стадионында 400-ден аса полиция қызметкері мен ардагерлер қатысқан саптық байқау өтті. Облыстық және қалалық полиция ведомствосының басшылығы, офицерлер мен сержанттар, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары, мамандандырылған күзет қызметі қызметкерлері алаңда 10 саптық «қорапша» құрды. Саптық байқауға тәртіп сақшыларынан басқа, ішкі істер органдарының ардагерлері, жұртшылық және полицейлердің туыстары қатысты.

Командирлері және облыстық Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев тәртіп сақшыларының әскери жарғыны білуін, қызметтік құжаттарын, нысандық киім-кешектерін, әскерилердің керек-жарақтарын тексеріп, қысқа дайындықтарын байқап шықты.

Саптық байқау соңында бес жас қызметкер ант қабылдады. Екі қызметкердің шені өсіп, салтанатты түрде погондар тағылды. Қызметтік міндеттерін атқару барысында ерекшеленген тағы үш қызметкерге алғыс хаттар, сыйлықтар, төс белгілер табысталды. Олардың ішінде патрульдік полиция қызметкері Мейірбек Мейрам және Талғат Іңкәров бар. Тәртіп сақшылары жазда суға батып бара жатқан балықшыны құтқарған.

III дәрежелі «Құтқарушы» төс белгісімен Руслан Ахматов марапатталды. Ол 2016 жылдың маусымында өз өмірін қатерге тігіп, Ойқала ауданындағы көпірден қыз баланы құтқарып қалған. Айта кететіні, Руслан соңғы жылдары облыстық конкурстарға қатысып, үздік патрульдік полиция инспекторы атанып, өзінің жоғары кәсібилігін бірнеше рет дәлелдеді.

Байқау саптық шерумен аяқталды.

Соңғы жаңалықтар