СҚО-да 91 жастағы кейуана түнде үйінен шығып кетіп, үсіп кете жаздады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 91 жастағы ұмытшақтық ауруымен ауыратын кейуана үйінен түнде жұқа киіммен шығып кетіп, үсіп кете жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында болды. Түнгі кезекшілікте жүрген патрульді полицейлерге сағат таңғы 4.00 шамасында елдімекендегі үйлердің біріне белгісіз кейуананың есік қаққаны жайында хабарлама түседі.

Тәртіп сақшылары бірден оқиға орнына жетеді. Жұқа көйлек пен жалаң аяққа іле салған үй шәркесі ғана бар зейнеткер әйел түнгі аязда қатты тоңған екен. Өзінің кім екенін, қайдан жүргенін айтатын шамасы болмады. Үй иелері де кейуананы білмейтін болып шықты. Олар әйелге жылы киім кигізіп жіберді.

Полицейлер кейуананың кім екенін, туыстарының аты-жөнін, мекенжайын сұрағанымен нақты жауап ала алмады. Түрлі фамилияларды атап, кезекші бөлім солардың бірімен оның қайда тұратынын анықтады.

Патрульді полиция кейуананы үйге әкелгенде туыстары ұйықтап жатқан. Олар 91 жастағы аналарының қашан шығып кеткенін білмеген. Аязда тек қана көйлек-шәркеймен біраз жерге барғанын естіген олардың қандай күйде болғаны айтпаса да түсінікті. Аналарын аман-есен тауып, үйге әкелген тәртіп сақшыларына алғыстарын жаудырып, екінші күні кейуананың қызы полицейлердің атына алғыс хат жолдады.


Соңғы жаңалықтар