СҚО-да 9 мыңнан астам жасөспірім вакцинациядан өтті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 9 251 жасөспірім вакцинацияның толық курсынан өтті. Бұл екпе алуы тиіс балалардың тек 29 %-ы ғана, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры Анар Сарбасованың айтуынша, жасөспірімдер арасында вакцинация қарқыны төмен. Ата-аналар балаларына екпе қойдыруға асығар емес. Өткен жылдың қараша айынан облыста 11 835 бала вакцинаның бірінші препаратын салдырған. Бұл – екпе алуы тиіс жасөспірімдердің 37 %-ы. Екінші компонентті 9 251 жасөспірім, яғни 29 %-ы алды.

«Вакцинация – дерттің алдын алу, иммунитетті жақсарту. Екпе салдыру арқылы ауруды жеңіл өткеруге болады. Мектептерде ата-аналармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Статистиканы келтіреміз. Балалардың арасында да КВИ-ді жұқтырғандар көбейген. Жыл басынан 10 наурызға дейін 2305 жағдай тіркелген. 201-і облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды», - дейді Анар Сарбасова.

Былтыр СҚО-да 2879 бала коронавирус жұқтырған. Оның 549-ы стационарда емделді. Осы балалардың 458-інде ауру асқынып, пневмония болды.


Соңғы жаңалықтар