СҚО-да 9 мыңға жуық жас мемтапсырыс аясында колледжде тегін оқып жүр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде 11 мыңға жуық жас білім алса, соның 9 мыңға жуығы мемлекеттік тапсырыс аясында оқып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚО филиалы жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі кеңестің отырысында жоғары және арнаулы орта білім берудің мәселелері талқыланды.

Соның бірі – жастарды колледждерде қажетті жұмысшы мамандықтарына тегін оқыту.

Қазіргі уақытта өңірде 23 колледж болса, соның 19-ы – мемлекеттік. Бұл оқу орындарында 72 мамандық бойынша, 122 біліктілік бойынша маман даярлайды.

11 мыңға жуық жас білім алса, соның 80 %-ы – 8 703 адам мемлекеттік тапсырыс бойынша оқып жатыр.

Оның 3170-і биыл тапсырыс аясында колледжге тегін қабылданды.

«Нарықта сұранысқа ие мамандарды даярлауға тапсырыс берілді. Нәтижесінде 3170 жасөспірім қабылданды. Олардың 2357-сі 9-сынып түлектері, қалғаны 11-сыныптан кейін түскендер. Балалардың 1567-сі жұмысшы мамандықтарды меңгереді, 1603-і орта буын мамандары болып шығады. Соның ішінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет, құқық және басқару, әлеуметтік ғылымдармен ақпарат, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құрылыс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салалары бар», - дейді СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко.

Биыл жаңа оқу жылында ландшафтық дизайн, аңшылық және аң шаруашылығы мамандықтары ашылды.

Бірақ кеңес мүшелері бұл мамандықтарға сұраныстың болатындығына күмән келтірді.

Биылдан бастап колледждер мен жоғары оқу орындарына түсуге көпбалалы және толық емес, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылардан шыққан жастар мен I және II топтағы мүгедектер үшін квоталары қосылды.

Соңғы жаңалықтар