СҚО-да 9 мыңға жуық мұқтаж оқушының мектеп формасына 1,2 млрд теңге бөлінді
2022 жылғы 17 тамыз 14:15

СҚО-да 9 мыңға жуық мұқтаж оқушының мектеп формасына 1,2 млрд теңге бөлінді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік осал топқа жататын 9 мыңға жуық оқушы бар. Бұл балаларға жалпыға міндетті білім беру аясында жалпы сомасы 1,2 млрд теңге көмек көрсетілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нақтырақ айтқанда, 8 701 балаға көмек беріледі. СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, әр балаға 37 мың теңге мөлшерінде төлем жасалады. Бұрын мектеп формасы таратылса, енді есепшотқа аударылатын ақшаға ата-аналар өздері сатып ала алады.

Сондай-ақ, өңірде «Мектепке жол» республикалық акциясы өтіп жатыр.

«Бізге күн сайын ата-аналардан және оқушылардың заңды өкілдерінен балаларын мектепке дайындауға, мектеп формасы мен аяқ киім алуға көмектесу туралы өтініш түсіп жатыр. Барлық мемлекеттік мекемелерге, банктерге, меценаттарға мұқтаж отбасыларға көмектесуге шақырып хат жолдадық», - дейді Нәзір Жәшібеков.

Білім басқармасы өңірдегі мектеп формаларын тігетін кәсіпкерлермен кездескен.

«Мектеп формасының орташа бағасы – 17 000 теңге тұрады. Сапасы барлық талаптарға сай. Ол – пиджак және шалбар. Біз облыстағы мектеп формасын өнірушілермен сөйлесіп, бағаны өсірмеу қажеттігін айттық. Мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастырамыз. Олар аудан орталықтарында да өтеді. Ата-аналар бұл жерде канцеляриялық тауарларды ғана емес, киім-кешек, аяқ киімді де арзан бағамен ала алады», - деді Нәзір Жәшібеков.

Мектепке қажетті заттардың бағасы СҚО әкімінің де қатаң бақылауында болмақ.

«Петропавл әкімі, аудандардың әкімдері және басқа да тиісті органдар мектепке қажет құралдардың, мектеп формасының және басқа да керек-жарақ бағасының өспеуін қадағалауы керек. Кей алыпсатарлар қазіргі жағдайды пайдаланып, бағаны аспандатып жіберуі мүмкін. Бағаны белгілеу бойынша мемлекеттік саясат бар, сондықтан біз бақылауда ұстайтынымызды ескерткім келеді. Өте қатты қадағалау болуы керек», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT