СҚО-да 81 жастағы кейуана үш айдан бері табылмай жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тамыз айының соңында үйінен саяжайға шығып кеткен әйел бүгінге дейін табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны Надежда Михайловна Агафонова 1939 жылы туған. Ол 28 тамызда таңертеңгі сағат 8.00 шамасында үйінен «Жигули» саяжай қоғамында орналасқан саяжайына бармақшы болып шыққан. Содан ұшты-күйлі жоқ.

Кейуана ұмытшақтық ауруымен ауырады. Дене бітімі арықша келген, бойы шамамен 160-165 см, шашы ақшыл қысқа, көзі көк. Сол күні үстінде қара шалбар, ұзын күрең қызыл күрте, қоңыр етік, басында көк орамал болған.

Жоғалған адамдарды іздеумен криминалдық полиция қызметі айналысады. Тек Петропавл қаласында жыл басынан бері із-түссіз жоғалған 27 азаматқа іздеу жарияланды. Олардың 26-ның жүрген жері анықталды. Ал 28 тамызда жоғалған зейнеткер Надежда Агафонова табылмағандардың қатарында.

Бағдарлар полиция бөлімшелерінің кезекші бөлімдеріне ғана ілініп қоймай, Полиция департаментінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында да жарияланды.

Жалпы 11 ай ішінде СҚО полицейлері жоғалған 90 адамға іздеу жариялады, оның 67-сі табылды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары волонтерлердің көмегімен іздестіру ісін бастамастан 260-тан астам адамды, яғни олар жоғалған бір тәуліктің ішінде іздеп тапты.


Соңғы жаңалықтар