СҚО-да 81 жастағы әйелді алдаған жалған балгер ел аумағынан шығарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Ресейден келген әйел өзін балгермін деп таныстырып, 81 жастағы әжейдің жиған-терген қаржысын алдап алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданының полицейлері Мамлют ауданындағы әріптестерімен бірге 81 жастағы зейнеткерге қатысты алаяқтық дерегін ашты.

Белгісіз әйел елді мекендердің бірінде ауыл тұрғынының есігін қағып, бал ашып беруді ұсынған. Зейнеткерді алдап-сулап, оның жиған-терген 400 мың теңгесін қалтасына басып, ізін суытыпты.

«Тергеушілер жұмыс барысында күдіктінің жүрген жолын анықтады. Ол аудан аумағынан кетіп үлгерген. Облыс бойынша алаяқтың белгілері таратылып, полицейлерге ескертілді. Нәтижесінде күдіктіге ұқсас әйел Мамлют ауданында ұсталды. 1983 жылы туған ресейлік өз кінәсін мойындап, зейнеткерден кешірім сұрады. Ақшасын толық қайтарып берді», - дейді Айыртау аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Григорий Лукьяненко.

Тергеу барысында шетелдіктің өз қызметін ұсынып, жұрттың мазасын алғаны анықталды. Көші-қон қызметі оның бұл әрекетін ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтың 449 бабы «Қоғамдық орындарда тиісу» деп бағалады. Осы баптың үшінші бөлігі бойынша шетелдік, не азаматтығы жоқ адамға 5 АЕК мөлшерінде айыппұлдан бастап 5 жылға дейін Қазақстан Республикасының аумағынан шеттету жазасы кесіледі. Бүгін соттың үкімімен ресейлік әйел ел аумағынан шығарылды.

Жалпы жыл басталғалы СҚО-да алаяқтыққа қатысты 178 қылмыс тіркелсе, соның 110-ы ашылды.


Соңғы жаңалықтар