СҚО-да 800 мың теңгенің гербицидін ұрлаған ауыл тұрғындары ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полиция инспекторлары «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында гербицид ұрлығын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Жамбыл ауданында рейд өткізген. Түн ортасында олар Будённый ауылының маңында «ВАЗ-2107» автокөлігін тоқтатқан. Көлікте ауданның 44 пен 38 жастағы екі тұрғыны болған. Жүргізуші де, жолаушы да мас болып шықты.

Полицейлер көліктің артқы орындығында мөрленген гербицид канистралары салынған қораптарды көрген. Тексеру барысында оның аудандағы ЖШС біріне тиесілі екендігі белгілі болды.

Ер адамның екеуі де шаруашылықта механизатор болып істейді. Олар дәрілеумен айналысқан, кейін гербицидтің қалған бөлігін жеке тұлғаларға сатуға келіскен. Келтірілген шығын 825 мың теңге.

Аталған факті «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бұдан бөлек, жүргізуші мас күйде көлік басқарғаны үшін жауап береді. Ол әкімшілік соттың шешіміне дейін арнайы үй-жайға қамалды. Ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін.

«Учаскелік полиция инспекторлары құқықтық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алумен байланысты көптеген міндеттерді атқарады. Бұл жолы «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасына қатысты. Барлығы ауданда 14 учаскелік полиция инспекторы және олардың 2 көмекшісі қызмет атқарады. Жыл басынан учаскелік инспекторлар 27 қылмысты ашып, 918 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, 21 мас жүргізушіні ұстады», - дейді ауданның ПБ бастығы Асан Мейрамов.


Соңғы жаңалықтар