СҚО-да 8 мыңға жуық саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 8 мыңға жуық саяси қуғын-сүргін құрбанының есімі енген электронды база жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесі бойынша құрылған комиссия жұмысын қорытындылады.

Ақпан айында жұмысын бастаған комиссия осы аралықта қыруар жұмыс атқарды. Нәтижесінде есімі әлі күнге ақталмаған 4 мыңға жуық азаматтың есімі анықталды.

«4 мыңға жуық ақталмаған азаматтың тізімін жасадық. Архив құжаттары, арнайы архивтер – СҚО полиция департаменті, прокуратура құжаттары негізге алынды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар негізінен 58 баппен – контрреволюциялық қызметі үшін, Алаш қозғалысына қатысқаны үшін айыпталғандар. Сонымен бірге 1928 жылы конфискацияға ұшырағандар бойынша, 1931 жылы кулактарды тәркілеген кездегі құжаттармен де жұмыс істедік», - дейді өірлік комиссия мүшесі Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова.

Дөңгелек үстелге СҚУ ғалымдары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, университет магистранттары, облыстық архив қызметкерлері қатысты.

«Бүгін - қайғылы күн, қаралы күн. 31 мамыр Президенттің шешімімен ашаршылықтың, қуғын-сүргіннің құрбандарын еске алатын күн деп жарияланды. Болашақта елімізде жазықсыздан атылып кеткендердің, бірнеше жыл түрмеде отырғандардың есімдері анықталып, ақталады деп ойлаймын. Уақыт өте келе жаңа буын келіп, бұл күні мемлекеттік ту түсіріліп, ойын-сауық шектеліп, бұл күн тиісінше аталып өтетін болады. Бұл жастардың еншісінде болмақ. Ол не үшін керек? Келешекте ондай қатыгездік, әділетсіздік болмауы үшін, адам баласын сақтау үшін керек. Әр адамның осы өмірдегі байлығы – өмірі. Мемлекет адам өмірін қорғау үшін керек. Егер мемлекет адамның бостандығын шектейтін болса, өмірін құртатын болса, ондай мемлекеттің барынан жоғы. Бұл оқиға ешқашан қайталанбасын деп тілеймін. Адамзат мұндай нәубетті бастан кешірмесін, ешқашан ешкімді жазықсыз жазаламасын, құртпасын», - дейді М.Қозыбаев атындағы СҚУ этномәдени зерттеулер орталығының жетекшісі, прфессор Зарқын Тайшыбай.

Ғалымның айтуынша, саяси репрессия 1970 жылға дейін жалғасты. 1963 жылы Қазақстанда жаппай қуғын-сүргін болды.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы да репрессияның бір көрінісі. Петропавлда да сол күндері тоталитарлық жүйеге қарсы шыққандар болды.

Бұл зерттеліп жатыр, қуғын-сүргін құрбандарының тізімі жылдан-жылға көбейіп келеді.

«Солтүстік Қазақстанда басқа облыстармен салыстырғанда репрессиядан зардап шеккендердің саны көп. Оның ішінде қай ұлттыкі дейтін емес, әрине қазақтар көп. Бұл ұлт-азаттық қозғалыстың жалғасы болып есептеледі. Алашордашыларды, ұлтшылдарды қамаған. «Мен қазақпын, бұл менің елім, менің жерім» деп айтудың өзі қылмыс болып есептелген», - дейді Зарқын Тайшыбай.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві бірнеше жыл бойы айналысып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың тізімін жасады.

1993 жылы бұл тізімде ақталғандардың саны 4 мыңнан ғана асатын болса, бүгінгі күні оның саны 7721 адамға жеткен.

Олардың есімі көпшілікке қолжетімді электрондық базаға енді.


Соңғы жаңалықтар