СҚО-да 73 жастағы ер адам түтін датчигінің арқасында аман қалды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауылдың 73 жастағы тұрғыны түтін датчигінің дер кезінде іске қосылуынан өрттен аман қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, өртке қарсы датчиктер өз тиімділігін көрсетіп жатыр.

«Жақында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье елді мекенінде тұрғын үйден өрт шықты. Жатын бөлмесінде алаңсыз ұйықтап жатқан ер адам түннің бір уағында қатты дыбыстан оянған. Үйдегі түтін датчигі іске қосылған екен. 1950 жылы туған үй иесі көк түтінге оранған үйден еңбектеп аман-есен шықты. Бұл кезде өрт сөндірушілер де жетіп, жалынмен күресті қолға алған еді», - дейді Дмитрий Растихин.

Бұл үйге сақтандыру құрылғысы жылыту кезеңі басталар алдында, өткен жылдың 10 қыркүйегінде орнатылған екен.

«Осы жылыту кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне 1255 датчик орнатылды. Оның 1127-сі көміртегі тотығына, 128-і – түтінге қарсы құрылғы, болашақта тағы 248 датчик орнату жоспарланған», - дейді Дмитрий Растихин.

Жыл басталғалы СҚО-да өрт шықпай, иіс тиіп уланған 18 адам дәрігер көмегіне жүгінді. Бір адам қайтыс болды.

Тек өткен аптада СҚО Есіл ауданында бір отбасының 3 адамы иіс тиіп, ауруханаға түсті. Оған үй иесінің пеш мұржасын ерте жауып тастауы себеп болған.


Соңғы жаңалықтар