СҚО-да 7 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік архив әлі күнге дейін ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының электронды мәліметтер базасын жасақтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО мемлекеттік архив директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, өңірде осы күнге дейін 7721 адамды прокуратура органдары ақтап, олар архивтің мәліметтер базасына енгізілген.

Алайда өңірде солақай саясаттың кесірінен жазықсыздан «халық жауы» атанып, әлі күнге дейін ақталмағандар жетерлік.

Былтыр облыстық архив қызметкерлері осындай 5 адамның құжаттарын тауып, біраз жұмыс тындырған.

«СҚО мемлекеттік архиві қазіргі таңда әлі күнге ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының электронды мәліметтер базасын жасақтап жатыр. Сол кезде жазықсыз сотталғандардың құжаттарын еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін облыстық архив жария етті. Бұл партиялық құжаттар, облыстық басқарушы органдардың, облыстық прокуратураның құжаттары, түрлі ақпарлар, қазір осы мәліметтермен біз үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. 93-97 жылдары жұмыс істеген комиссия 58 бап бойынша сотталғандардың аты-жөнін анықтауда бұл құжаттарды толық қарамаған. Біз архивтегі осы құжаттарды негізге ала отырып, осы 58-59 бап бойынша отырған адамдардың қылмыстық істерін қарап жатырмыз», - дейді Сәуле Мәлікова.

Өңірлік архив директорының айтуынша, республикалық комиссия ақталмағандарды анықтаудың методологиясын жасады. Бұл қызметкерлердің жұмысын біршама жеңілдеткен.

Мәселен, Уәлиханов ауданында 1930 жылдардағы қылмыстық істерге қатысты құжаттар табылды.

Олар осы бекітілген әдіс бойынша ақталмағандардың тізімін жасап жатыр.

«Архивтен 1921 жылы болған «Есіл көтерілісіне» қатысты көптеген құжат табылды. Бұл оқиға өз бағасын әлі күнге ала алмай отыр. Көтеріліске қатысты 1921 жылғы құжаттар біздің архивте сақталған. Оған қатысушыларды аяусыз жазалаған. Бізде 200-ден астам адамның тізімі бар, олар атылып кетке», - дейді СҚО мемлекеттік архив директоры Сәуле Мәлікова.


Соңғы жаңалықтар