СҚО-да 670 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүсік Қазақстан облысында жерді көрсеқызарлықпен алып, енді игере алмай отырғандардан алқаптар мемлекет иелігіне мәжбүрлі түрде қайтарылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің қатысуымен брифинг өтті. Ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жай-күйі әңгіме болған кездесуде игерілмей бос жатқан алқаптар мәселесі көтерілді.

СҚО-ның қазіргі жер аумағы 9,8 млн га болса, оның 7,2 млн га ауыл шаруашылығында қолданылады. Соның 5 млн га жуығы егіс алқаптары, қалған 2 млн га жуығы жайылымдық жерлер.

Жерді тиімді пайдалану мақсатында соңғы төрт жылда шаруашылықтардан игерілмей жатқан 670 мың га мәжбүрлі түрде мемлекетке қайтарылды. Бұл – 101 шаруашылықтың алқабы. Мәселен, тек Тайынша ауданындағы «Богви» ЖШС-нен ғана 37 мың га жер алынған.

«Сот арқылы аумағы 11 мың гектарды құрайтын 61 учаске мемлекетке қайтарылды. Тағы 480 мың гектар алқапты қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен осы мәселеге қатысты жаңа заң жобасы әзірленді. Бос жатқан алқап анықталатын болса бұрынғыдай екі жылды күтудің қажеті жоқ, жер 1 жылдың көлемінде мемлекет меншігіне өтеді. Сондай-ақ шаруашылықтар өздеріне сеніп тапсырылған алқаптарды тиімді пайдаланбаса, яғни аз өнім алатын болса - мемлекеттік субсидиялардан қағылады», - деді СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.

СҚО жер инспекциясы басқармасы биыл 300-ден астам тексеріс жүргізіп, жартысынан астамында жердің тиісінше игерілмей жатқанын анықтады. Нәтижесінде бес мыңнан астам га ауылшаруашылық жері келісімшарттарды бұзу арқылы, 10 мыңнан астам га сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жұмыстар алдағы жылы жалғасын таппақ.



Соңғы жаңалықтар