СҚО-да 66 елдімекен тұрғынын автобуспен қамту үшін 270 млн теңге демеуқаржы бөлінген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тасымалдаушылар үшін тиімсіз бағыттарға автобустар жіберу үшін биыл 270 млн теңге субсидия бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте СҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асқат Бакеев айтып берді.

Басқарма 4 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Солардың ішіндегі сұранысқа иесі - облыс, ауданаралық әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау. Яғни шалғай жатқан, жолдары нашар ауылдарға автобус бағыттарын ашып, тасымалдаушылардың шығындарын өтеу.

«Көптеген елді мекендерде алыс болғандықтан және сапасына байланысты автобус қатынасы жоқ, сондықтан халықты қолжетімді көлікпен қамтамасыз ету үшін осындай қызмет енгізілді. Былтыр бұл қызметті 84 тасымалдаушы пайдаланды. Биыл пандемияға байланысты екі ай көлік қатынасы үзілді. Әзірге бұл қызметті 24 тасымалдаушы пайдаланды», - дейді Асқат Бакеев.

СҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 8 бағытқа 117 млн теңге демеуқаржы берілген. Биыл 10 бағытқа жергілікті қазынадан 270 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 66 елдімекен тұрғындары рейстік автобустармен қамтылды. Жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар тағы екі бағыт бойынша қоғамдық көлік жіберу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар