СҚО-да 650 сайлау учаскесі жұмыс істейді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 10 қаңтар - ҚР Парламент Мәжілісіне және түрлі деңгейдегі мәслихаттарға депутаттарды сайлау 650 учаскеде өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде 15 аумақтық комиссия бар. Сайлау күні 650 учаскелік комиссия жұмыс істеп, оған 3733 адам қатысады. Облыстық сайлау комиссиясы 5 саяси партияның 50 партиялық тізімін тіркеді. Оған 469 кандидат енген.

«Nur Otan» партиясынан 15 тізім, «Ауыл» ХДП – 9, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 5, «Адал» партиясынан – 5 және Қазақстанның халықтық партиясынан 6 тізім берілді. Облыстық мәслихатқа 4 саяси партиядан 62 кандидат, Петропавл қалалық мәслихатына 3 саяси партиядан 33 кандидат және аудандық мәслихаттарға 43 тізім – 374 кандидат ұсынылды», - дейді СҚО сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Бекшенов.

Аумақтық сайлау комиссиялары саяси партиялардан 2351 сенімді тұлғаны тіркеді. Жалпы осы аралықта аумақтық, учаскелік сайлау комиссиялары мен басқа да сайлауды ұйымдастырушыларға 130-дан астам оқыту семинарлары өткен.

«Биылғы сайлауда эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгерістер бар. Сайлау комиссиясының мүшелері жеке қорғаныш заттарымен – маска, қолғап, бір реттік халат және қорғаныш экрандарымен қамтылады. Сондай-ақ әлеуметтік қашықтықтың сақталуына, масканың болуына аса мән беріледі. Ал сайлау учаскесіне келе алмайтындарға өтініштері бойынша үйлеріне жәшікті апарамыз. 26 желтоқсаннан өтініштер қабылдап жатырмыз», - дейді Ерболат Бекшенов.

СҚО бойынша барлығы 399 375 сайлаушы бар. Олардың 165 мыңға жуығы – Петропавл қаласының тұрғындары. Дауыс беру орындары таңғы сағат 7.00- ден сағат 20.00 дейін жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар