СҚО-да 600 кәсіпкердің құқығы қорғалды - прокуратура

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы жанындағы қоғамдық кеңесте жыл басталғалы кәсіпкерлерге қатысты 8 мәселе көтеріліп, 6-ы оң шешілді. Жалпы 600-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, прокуратура органдары бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізеді, себебі бұл ведомство жұмысындағы басым бағыттардың бірі.

«Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында кәсіпкерлердің қызметіне кез-келген заңсыз араласу, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру, мемлекетке жасалған ауыр қылмыс ретінде қабылданады деп атап өтті. Осыған орай кәсіпкерлер палатасымен және бизнес субъектілерінің қатысуымен тұрақты негізде облыс прокуроры жанындағы қоғамдық кеңестің отырысы өткізіліп келеді. Кездесуде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша құрылған мобильдік топтың сенім телефонына түскен шағымдар мен өтініштер қаралады», - дейді өңір прокурорлары.

Былтыр кеңестің 12 отырысы өтіп, онда 16 мәселе көтерілген. Олардың бәрі шешімін тапты. Биыл кеңестің 4 отырысы өтіп, 8 мәселе қаралған. Оның алтауы шешілді, қалғаны бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Облыс прокуратурасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша тәулік бойы әрекет ететін мобильдік топ бар, ол өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отыра бизнес субъектілерінен түскен өтініштерді қарайды. Мобильдік топтың телефондары прокуратура органдарының, жергілікті атқарушы органдардың сайтында, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде орналастырылған. WhatsApp мессенджерінде қауырт желі жұмыс істейді.

Былтыр мобильдік топтың қауырт желісіне кәсіпкерлерден 79 шағым түскен, оның 33-і ғана дәлелденді, 14-і бойынша түсініктеме берілді. Нәтижесінде заң бұзушылықтарға қатысты прокурорлар 24 ұсыныс енгізіп, 15 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 6 заңсыз тексерудің нәтижесі жойылды, жоспарланған 7 тексеру заңсыз деп танылды. Нәтижесінде 4 мың бизнес субъектісінің құқығы қорғалды.

Биыл кәсіпкерлердің құқығын бұзуға қатысты 16 тұлға жауапкершілікке тартылды. 1,3 млн теңгеден астам сомаға қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы 3 іс қысқартылды. Нәтижесінде 600-ден астам бизнес субъектісінің құқығы қорғалды.


Соңғы жаңалықтар