СҚО-да 57 жастағы әйел өмірінде бірінші рет оқу бітіріп, мамандық алып шықты
2022 жылғы 30 маусым 20:55

СҚО-да 57 жастағы әйел өмірінде бірінші рет оқу бітіріп, мамандық алып шықты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жазасын өтеп жатқан 100-ден астам сотталған бүгін колледжді тәмамдап, қолдарына диплом алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕС-164/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдер Петропавл кәсіптік колледжінде, Солтүстік Қазақстан жеке даярлау және сервис колледжінің филиалдарында жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік алған.

Сотталғандар диплом алғаннан кейін колония аумағындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасады.

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты меңгерген олар бостандыққа шыққаннан кейін де қиындықсыз еңбекке араласа алады.

Мәселен, әйелдер колониясында «тігінші» мамандығы бойынша білім алған сотталған Наталья жазасын өтеп шыққаннан кейін Петропавлдың орталығында тігін цехын ашты.

Қазір онда бұрын сотталған 10-нан астам әйел жұмыс істеп жатыр.

Бұл күні 57 жастағы Марияға арнайы орта білім туралы диплом берілді. Ол - осы жылдың ең жасы үлкен түлегі.

«Былтыр ұрлық үшін 3,5 жылға сотталдым. Бостандықта жүргенде білімді қажет етпейтін жұмыста жүрдім. Сондықтан мен білім алу туралы ойланбадым да. Мұнда келіп, оқуға, білім алуға уақыт келді деп шештім. «Тігінші» мамандығын меңгердім. Білім алу ешқашан кеш емес», - дейді Мария.

СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 және 6 мекемелерінде сотталғандарды тас қалаушы, қаптаушы, сылақшы-сырлаушы, дәнекерлеуші, тігінші, құрылыс және әрлеу жұмыстарының шеберлері, шаштараз-модельер, ландшафтық дизайнер және басқа сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытады.

Бүгін 100-ден астам сотталған, 57 әйел, 64 ер адам салтанатты жағдайда орта арнайы білім туралы мемлекеттік үлгідегі диплом алды.

Соңғы 5 жылда Петропавл кәсіптік колледжін ғана 650-ден астам сотталған бітіріп шықты.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT