СҚО-да 5 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 4 911 отбасыға 1,4 млрд теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі Алмаз Қошманов осылай мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, атаулы әлеуметтік көмекті алатындардың 1 466-сы – көпбалалы отбасылар. Кірісінің артуына байланысты 730 отбасыға төлем жасалмайтын болды. Отбасыға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) орташа мөлшері 12 865 теңгеден 79 900 теңгеге дейін артты.

«АӘК алатындарға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға жұмысқа тұруға да жағдай жасалады. Бұдан басқа қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстарында оқуларына мүмкіндік бар. Шағын несиелер мен гранттар беріледі. Осылайша отбасыларға қиын жағдайдан шығуға барынша көмек көрсетіледі», - дейді Алмаз Қошманов.

Жыл басынан 3,6 мың әлеуметтік келісім жасалған, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 800-ден аса адам тартылып, 600-ден аса адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Тұрмысы төмен 125 отбасыға мал немесе құс алуға бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілген.

«Қолға алынға бұл шаралар өз нәтижесін беріп жатыр. Жан басына шаққандағы табыс 11,6 мың теңгеден 21,1 мың теңгеге дейін артты», - деді Алмаз Қошманов.

Жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, АӘК – бүгінде күннің басты тақырыбына айналған. Жұрттың кейбірі түсінбегендіктен қояр сұрағы да көп. Жұмыс тобының төрағасы Жеңіс Қазиевтің айтуынша, тиісті басқарма дер кезінде жауап бермейді. Осыған орай ведомство жетекшісіне бұл мәселені бақылауға алып, әсіресе елді-мекендерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізу үшін қосымша мамандарды тартуға кеңес берілді.


Соңғы жаңалықтар