СҚО-да 46 мыңға жуық тұрғыны бар 226 ауылда таза су жоқ

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл елдімекендерді сумен қамтуды жақсарту мақсатында 12,3 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде жыл соңына дейін 22 ауылға таза су келмек. Тағы 33 елді мекенде басталған жұмыстар келер жылы аяқталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінде елді мекендерді сумен қамту мәселесіне арналған жиын өтті.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шиловтың айтуынша, қазіргі уақытта өңір елді мекендерінің 64,4 % - 409 ауыл орталықтандырылған су желісіне қосылған.

Мұнда ауыл халқының 84 % немесе 240,5 мың адам тұрады.

«Облыста сумен қамтылмаған 226 елді мекен бар. Мұнда 45,8 мың адам тұрады. Мәселені шешу үшін жыл сайын тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. 2011-2020 жылдар аралығында 2,4 мың км құбыр тартылды, осы мақсатқа 46,6 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде 62 ауылға таза су жетті. 259 елді мекенді сумен қамту жақсартылды. Былтыр осы саланы дамытуға 10,3 млрд теңге жұмсалса, биыл 12,3 млрд теңге бөлінді», - дейді Павел Шилов.

Маманның айтуынша, бұл қомақты сома 55 елді мекенге жұмсалмақ. Нәтижесінде 12 елді мекенде сумен қамту жүйесі жақсарады, 10 ауылға таза су келмек, ал қалған 33 елді мекенде басталған жұмыстар келер жылы аяқталады.

200 км желі жаңадан салынып, жаңғыртылуы керек болса, соның 189 шақырымы тартылды. 2 мың тұрғын суды үйге дейін кіргізуге мүмкіндік алмақ, олардың 600-ден астамы оны пайдаланып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін облыстың қалған 229 ауылын сапалы сумен жабдықтау бойынша жоспар әзірленді. Оның аясында 2026 жылдың басына дейін бұл мәселе толық шешіледі.

Жоспарда 18 ауылда сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау; 164 ауылда кешенді блок-модульдерді орнату және 47 ауылда топтық су құбырларын жаңғырту көзделген», - дейді Павел Шилов.


Соңғы жаңалықтар