СҚО-да 400-ге жуық ата-ана түнде жүрген балалары үшін айыппұл төледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары жасөспірімдерге қатысты рейд өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан 69 рейд ұйымдастырылса, 28 жасөспірім полицейлердің есебіне алынды.

Ювеналды полицияның қызметкерлері әр кеш сайын жастар жиі жиналатын қала көшелерін, дәмханаларды, компьютер клубтары мен аулаларды тексереді. Олардың мінеті жасөспірімдермен және оларға қатысты жасалатын қылмыстарға, құқық бұзушылықтарға жол бермеу.

Аптаның жұмыс күні болғанына қарамастан рейдтің үш сағаты ішінде тәртіп сақшылары түнгі көшеде қыдырып жүрген үш жасөспірімді тоқтатты. Балалардың ата-аналары шақыртылып, олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Бұл жолы тек ескерту жасалды.

«Қалалық полиция басқармасының қызметкерлері рейдтік іс-шараларды күнделікті өткізеді. Анықталған жағдайда – ата-аналары шақыртылып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы бойынша ескерту түріндегі жазаға тартылады. Егер бір жыл ішінде жасөспірім қайта ұсталса, заңды өкіліне ҚР ӘҚБтК 442-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», - дейді ювеналды полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушева.

Жасөспірімдер тарапынан жасалатын криминал мен құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша жұмыс облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Жыл басынан 609 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды, оның 362-сі балаларының түнгі уақытта үйден тыс жерде және көңіл-көтеру орындарында жүргені үшін жауап берді. Ювеналдық полиция тәрбиесі қиын балалардың ата-аналарын да ұдайы тексеріп отырады. Жыл басынан балаларын тиісті тәрбиелемегені үшін 162 ата-ана айыппұл төледі. Қазіргі уақытта облыста 224 қолайсыз отбасы есепте тұр.

Жергілікті пролиция қызметі басқармасының мәліметінше, көктемгі мерекелер қарсаңында ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмысы жандандырылды.


Соңғы жаңалықтар