СҚО-да 40 кәсіпорын зейнетақы аударымдары бойынша 254 млн теңге қарыз

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура 8,5 мың адамның құқығын қорғап, нәтижесінде еңбекақы бойынша қордаланған қарыз - 700 млн теңге төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, 2014 жылдан бері банкрот деп танылған 9 кәсіпорынның 116 жұмысшысына еңбекақы бойынша борыш өтелді. Еңбек инспекциясының тексерістерінен кейін 44 кәсіпорын қызметкерлеріне 24 млн теңге тиісті өтемақы жасалды. Мыңнан астам жұмысшының еңбек жағдайы жақсартылды.

Ал жүйелі түрде жұмысшыларына еңбекақы бойынша қарыз болып келген үш жұмыс беруші былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оларға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Қазір Айыртау, Тимирязев аудандарындағы және Петропавл қаласындағы жұмыс берушілердің ісі сотқа дейін тергеліп жатыр.

«Міндетті әлеуметтік және зейнетақылық төлемдерді жасамау деректері тіркелді. Биылғы ақпан айына дейінгі мәлімет бойынша 40 шақты кәсіпкер 254 млн теңге зейнетақы аударымдарын жасамаған. Олардың 75% - ауыл шаруашылығына тиесілі. Олардың төлем жасауға мүмкіндіктері болғанымен, борыштан құтылуға асықпаған», - СҚО прокурорының көмекшісі Жарқын Белгібеков.

Мамандардың айтуынша, соңғы үш жылда жұмыс орындарында жарақат алудың 167 дерегі тіркелген. Ал тексеру барысында былтыр осындай 5 жағдайды жасыру фактісі анықталды.

Жалпы былтыр қадағалаушы органның араласуынан кейін 8,5 мың адамның 700 млн теңгеге құқығы қорғалды.


Соңғы жаңалықтар