СҚО-да 40 га алқаптың өртенуіне сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен демалыс күндері 32 рет дала шөбі жанып, 7 өрт шықты. Мамандар мұны құрғақ ауа райы және қатты желмен байланыстырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7 қараша күні Қызылжар ауданындағы Затон елді мекені маңында қураған шөп пен қамыс өртенді. Жалын 40 гектар аумақты шарпыды. Оқиға орнына 6 техника мен жеке құрамнан 32 адам жұмылдырылды. Болжам бойынша, өрттің шығуына сөндірілмеген сіріңке немесе темекі тұқылы себеп болуы мүмкін.

«Облыс аумағында биыл 624 өрт тіркелді. Былтырғыға қарағанда 8 %-ға артық. 42 адам, соның ішінде 2 бала мерт болды. 15 адам күйік алды. 35 адам құтқарылып, 852 тұрғын эвакуацияланды. Петропавлда да, аудандарда да өрт саны артқан. Облыс орталығында 168 өрт тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7 %-ға көп. Өрттің 73 %-ы жеке тұрғын үй секторының үлесінде. Осылайша 455 өрт тіркелген», - дейді СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» ММ бастығы Нұрлан Нұқышев.

Биылғы ыстық жаз, әрі қуаңшылық та өрттің көбеюіне әсер еткен. Осы уақытқа дейін 1 677 рет от шыққан. Бірақ ол өрт ретінде есепке алынбаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 %-ға артық.


Соңғы жаңалықтар