СҚО-да 4 жыл жұмыс істеп келген асфальт зауыты сот үкімімен жабылатын болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 4 жыл бойы жұмыс істеген асфальт-бетон зауыты жабылудың аз-ақ алдында тұр. Кәсіпорынның ерекше қорғалатын табиғи аймақта салынғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыстық жер инспекциясы табиғатты қорғау прокуратурасымен жүргізген тексеріс барысында кәсіпорынның Смирнов қорығының аумағында орналасқаны анықталған.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты асфальт-бетон зауытының әрі қарай ерекше қорғалатын табиғи аумақта жұмыс істеуіне тыйым салды.

Кәсіпорын Қызылжар ауданының Подгорное елді мекенінде орналасқан.

Кәсіпкерге зауытты салуға жерді 4 жыл бұрын тиісті мемлекеттік орган берген.

Қазір Смирнов қорығының аумағында 20-дан астам елді мекен бар және түрлі өндіріс ошақтары жұмыс істеп тұр.

Соның ішінде Аққайың ауданының орталығы Смирнов елді мекені де бар.

«Бір кездері кәсіпкерлер бұл жерлерде белгілі бір жобаны жүзеге асыру үшін жер алды. Оларға Үкімет емес, аудандық жер қатынастары бөлімдері жер берді. Жер инспекциясы енді бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақ болса, онда оның аумағында орналасқан жерді беру тек Үкіметтің құзыретіне жатады дейді. Яғни соттың үкімінен Қызылжар ауданы жер қатынастары бөлімі Смирнов қорығына кіретін кез келген жер учаскелері бойынша қандай да бір мәміле жасауға құқылы емес деген тұжырым жасаймыз. Сонда жаңағы 20-дан астам елді мекен де, олардың маңындағы басқа кәсіпорын фермалар да заңсыз орналасқан ғой?! Бүгінде осы сот шешіміне сәйкес олардың жер пайдалану құқығына «қауіп төніп тұр», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айдос Кеңбейілов.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері асфальт-бетон зауытының иесіне көмектесіп, істі апеляциялық сотқа жібермек.

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірнеше түрі бар. Егер жер учаскелері алынып, толығымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына ауыстырылса, онда кейін бұл жерлерде мемлекеттік ұлттық табиғи парк құрылады. Мұндай аумақ облыста Айыртау ауданында бар. Ад табиғи қорықтарға қатысты жағдай мүлдем басқаша. Мұндағы жер меншік иелерінен алынбайды, қорықтардың аумағы елді мекен орналасқан жерлерді де алып жатуы мүмкін. Бұл қорық аумағында орналасқан барлық жер иелері үшін жергілікті атқарушы орган ерекше режим енгізеді, яғни белгілі бір шектеулер болуы мүмкін. Бұл зоологиялық қорық болғандықтан, онда аңдарды өлтіруге, құстардың ұяларын бұзуға және т.б. болмайды», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Инесса Қуанғанова.


Соңғы жаңалықтар