СҚО-да 4 мыңға жуық кәсіпкер сауалнамадан өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қаңтар айында басталған кәсіпкерлердің алғашқы республикалық сауалнамасы мамыр айына дейін жалғасады. СҚО-да әзірше бизнес өкілдерінің шамамен 30% ғана сауалнамадан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бизнесмендер кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп немесе «Atameken Services» қосымшасы арқылы өздігінен сауалнамадан өте алады. Мамандардың айтуынша, кәсіп иелеріне үш сұрақ қойылады, олар: деректерді өзекті қылу, шығарылатын өнім жайында ақпарат беру және өзекті мәселемен бөлісу.

СҚО-да қазір 29 мыңға жуық кәсіпкер бар. Бүгінге дейін олардың 6,5 мыңы сауалнамадан өтті. 4 мыңға жуық бизнес өкілі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының интервьюерлеріне өз мәселелерін жеткізген.

«Мақсатымыз - кәсіпкерлермен байланыс орнатып, олардың проблемаларын білу, жоғары деңгейде шешуге көмектесу. Облыс бойынша 6,5 мың бизнес өкілі сауалнамадан өтті. Кәсіпкерлердің көпшілігі несие алуда қиындықтарға тап болады екен, өйткені олардың банк сұраған кепілге қоятын дүниесі жоқ. Осындай 200-ден астам несие алуға байланысты проблема анықталды. Қазір бұл мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Сауалнама аяқталысымен іске кірісеміз», - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Александр Бердниченко.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының құрылғанына биыл 5 жыл толады. Осы аралықта мамандар облыстың кәсіпкерлерінен 25 мыңнан астам өтініш қабылдап, мәселелерін шешуге көмектесті. Елімізде кәсіпкерлер арасында алғаш ұйымдастырылып отырған сауалнама бизнесті дамытудағы кедергілерді анықтауға мүмкіндік бермек.

СҚО-да сауалнамадан, әзірше кәсіпкерлердің шамамен 30% ғана өтті. Қалғандарын белгіленген уақыт - мамырдың біріне дейін қамту үшін кәсіпкерлер палатасының 30 сарапшысы күніне 20 сауалнаманы толтыруы тиіс.

Соңғы жаңалықтар