СҚО-да 4 күн бұрын жоғалған ер адамның ұялы телефоны табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында түнде көрші ауылдан үйіне жаяу шыққан ер адамның ұялы телефоны табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, Есіл ауданы Александровка ауылының тұрғыны, 33 жастағы жігіт 5-нен 6-шы наурызға қараған түні жоғалған.

Ер адам Явленка ауылында өзі жұмыс істейтін ұйым ұйымдастырған мерекелік корпоративте болған. Түнгі сағат 3.00 шамасында Покровка елді мекеніндегі досына келген. Жарты сағаттан кейін Александровка ауылына үйіне бармақ болып жолға шыққан. Сол түні боран болған, ал екі елді мекеннің ара қашықтығы 25 шақырым. Сағат 4.48 минут кеткенде оның Покровка ауылындағы мектептің жанынан өтіп бара жатқаны бейнекамералардың біріне түсіп қалған. Бағыты Александровка болған, бірақ жігіт кейін қайтып келген.

Туған-туыстары 7 наурыз күні ғана көмек сұрап, құтқарушыларға хабарласқан. Тек содан кейін ғана іздеу жұмыстары басталды.

«Жігітті іздеуге департамент мамандары, полицейлер, жергілікті атқарушы орган өкілдері, жігіт жұмыс істейтін ұйымның қызметкерлері жұмылдырылды. Іздеу тобы 7 наурыздан бері жұмыс істеп жатыр. Тек 9 наурыз күні Покровкадағы мектептің жанынан ер адамның ұялы телефоны табылды. Покровка, Мальцево елді мекендерін аралап шықтық, үйді-үйге жүрдік. Бос тұрған, иесіз қалған нысандардың барлығы тексерілді. Жақын маңдағы ауылдарға хабар берілді. Әзірге нәтиже жоқ», - дейді Мұрат Қанғожинов.

Іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ.

Бұған дейін 33 жастағы Александр Капелюкке іздеу жарияланғанын айтқан едік. Іздеу жұмыстарына волонтерлер де көмектесіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар