СҚО-да 4 колледждің материалдық базасын жақсартуға 1,2 млрд теңге жұмсалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы төрт жылмен салыстырғанда колледждерді қаржыландыру биыл 4 есе артып, материалдық-техникалық базаны жақсартуға 275 млн теңге жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің отырысында колледждердің қазіргі жағдайы айтылды. Өңірдің арнайы орта білім беретін оқу орындарында оң өзгерістер бар. Қаржыландыру 2017 жылмен салыстырғанда 4 есе артып, биыл жарақтандыруға 275,8 млн теңге жұмсалды. Бұдан басқа 4 колледжге республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, оған жоғары технологиялық қондырғы, оқу құралдары сатып алынды.

Мәселен жақында құрылғанына ғасыр толатын М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжге 3D модельдеу, робототехника зертханасы, мультимедиялық кабинеттер, интерактивті панельдер алынды.

Машина жасау колледжінің студенттері енді заманауи жабдықта шеберлігін шыңдайды.

Құрылыс-экономикалық колледжде құрылыс материалдарына сараптама жасауға мүмкіндік беретін зертхана құрылды.

«Бұл атқарылған жұмыс колледж түлектерінің дайындығын жақсартады, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бағдарламалаушы, құрылысшы, механик, электрик және технолог даярланады. Келесі жылы 5 колледжді дамыту жоспарланған. Осы мақсатқа 1,5 млрд теңге жұмсалмақ. Олар: Айыртау және Ғабит Мүсірепов аудандарындағы агротехникалық, Есіл ауданындағы жоғары ауыл шаруашылық, Тайынша ауданындағы агробизнес және Петропавлдағы сервис және кәсіби даярлау колледждері. Осылайша 2 жылдың ішінде біз барлық колледждердің 40 % жақсартамыз», - деді облыс әкім Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар