СҚО-да 38 жастағы ер адам екі айдан бері табылмай жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны Евгений Дудиковке іздеу жарияланды. 38 жастағы ер адам 8 қазаннан бері табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 38 жастағы Евгений Дудиков 8 қазан күні Петропавлдағы үйінен белгісіз бағытта кетіп қалған. Ерекше белгілері: бойы 178 см, арықша келген, шашы қою сары, көзі – жасыл. Үстінде күртеше, көк кроссовка болған. Тәртіп сақшылары оның жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат болса, 8-(7152)-49-39-49, 49-30-74, 8-747-559-70-71 немесе «102» нөміріне хабарлауды сұрайды.

Сондай-ақ СҚО Тайынша ауданы Летовочное елді мекенінің 47 жастағы тұрғыны Анатолий Франковский іздестіріліп жатыр. Ол 23 қараша күні үйінен шығып кеткен. Соңғы рет ер адамды Краснокаменка елді мекенінде көргендер бар.

Анатолий Франковскийдің бойы 165 см, арықша келген, қысқа сары шашты, жирен сақалы бар. Сол күні үстінде қара былғары күртеше, қара тоқыма бас киім, көк джинс шалбар болған.

Жалпы СҚО-да жыл басынан із-түзсіз жоғалғандарды іздеуге қатысты 450-ге жуық өтініш түскен. Олардың 436-сының жүрген жері анықталды.

Жедел уәкілдердің айтуынша, негізінен қоғамда өз орнын таппаған, алкогольді ішімдікке әуес орта жастағы ер адамдар жоғалады. Жағдайлардың төрттен бірінде кәмелетке толмағандар хабарсыз кеткен.

Бірер күн бұрын облыстағы бір аудан орталығында полицейлер 17 жастағы қызды іздеп тапты. Оның жоғалғаны туралы анасы жүгінген. Қызды іздеп табуға жергілікті тұрғындар көмектескен. Учаскелік инспектор WhatsApp-тағы чатқа хабарлама жіберген, чаттағы адамдар жоғалған қызды ауылдардың бірінде көргені туралы жазған. Бойжеткен оқудың орнына таныстарымен уақыт өткізбекші болған екен.


Соңғы жаңалықтар