СҚО-да 38 азаматтың оралман мәртебесі ұзартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - СҚО полицейлері 38 азаматтың оралман мәртебесін қалпына келтіруге көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да оралман мәртебесінің мерзімі өтіп кеткен 89 адам тұрады. Олардың басым бөлігі Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында. СҚО Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері аталмыш ауылға барып, қандастардың мәселелерін шешіп берген.

«Көші-қон туралы» заңға сәйкес, оралман мәртебесі бір жылға беріледі. Мәртебе мерзімі өтіп кеткеннен кейін ары қарай азаматтық алуда қиындықтар туындайды. Ең алдымен бұрын тұрған елдің азаматтығынан шығып, Қазақстан аумағында 5 жыл тұру керек. Бұл қиыншылықтардан мәртебені ұзарту туралы арнайы акция аясында айналып өтуге болады. Ол науқанның мән-жайын біздің қызметкерлер түсіндіріп береді», - дейді СҚО ДП көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Мәртебені ұзарту себебі әртүрлі: кей азаматтардың туған-туыстары шетелде қалып жатса, кейбірінің мүлік бойынша мәселелері шешілмеген. Құқық қорғаушылар азаматтарға Елбасының тапсырмасы негізінде жыл соңына дейін уақыты өтіп кеткен оралман мәртебесін ұзартуға мүмкіндік беріліп отырғанын, жеңілдетілген тәртіпте Қазақстан азаматтығын алу мәселесін шешуге болатынын түсіндіріп берген. Барлық отбасыға қандай құжаттар керектігі түсіндірілген.null

«Көші-қон қызметінің топтары мұндай жұмыстарды аудандарда күн сайын жүргізіп келеді. Осының арқасында 89 адамның 41-нің оралман мәртебесінің уақытын ұзартылды. Оның 38-і Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдіріп отыр», - дейді ол.

СҚО ДП көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов оралман мәртебесін ұзарту үшін СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына бару керектігін айтады. Басқарма облыс орталығында орналасқан. Барлық сұрақтар бойынша 8-7152-463-743 нөміріне хабарласуға болады. Осыдан кейін көші-қон қызметіне хабарласпы, жеңілдетілген тәртіпте азаматтық алу туралы кеңес алуға болады. Қосымша ақпаратты СҚО ДП көші-қон қызметі басқармасының 8 (1752) 34-00-35 нөмірінен алуға болады.

Еске сала кетсек, осы жылдың 16 наурызында елімізде азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алу үшін оралман мәртебесін 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылданған болатын. Осылайша, мәртебесі аяқталған оралмандар оны ұзарту үшін жергілікті атқарушы органдарға және қазақстандық азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін ішкі істер органдарына жүгіне алады.

Соңғы жаңалықтар