СҚО-да 360 еңбек заңнамасын бұзу дерегі анықталды

None
None
 ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасында алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Мейрамбек Ахметовтің айтуынша, осы кезең барысында мемлекеттік инспекторлар облыстағы 146 кәсіпорын және ұйымдарды тексеріп, 360 еңбек заңнамасын бұзу дерегі анықталды.

Өңірде жалақының кешігуі жиі кездесетіні анықталды, сондай-ақ жұмыс берушілер жұмыс қауіпсіздігіне қажетті жағдайларды жасамай, жұмысшылар арасында еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша оқу және нұсқамалық өткізбеген. Еңбек шарты мазмұнының сәйкес еместігі, жұмыс уақыты нормаларының бұзылуы, жұмысшыларды еңбек шартынсыз қабылдау сияқтылар да анықталды.

«Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 59 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылып, жалпы мөлшері 8,9 млн теңге болатын айыппұл салынды», - дейді бөлім басшысы.

Жыл басынан бері өңірде өндірісте 41 оқыс оқиға болып, соның екеуі адам шығынына әкеп соқтырған.

Мемлекеттік инспекторлардың мәліметтеріне қарағанда, өндірісте жұмысшылардың жарақат алуына өндірістік жұмыстарды дұрыс ұйымдастырмау, зардап шегушілердің еңбек және өндірістік тәртіпті өрескел бұзуы, ғимараттардың техникалық жағдайының мәз болмауы сияқты факторлар жиі себеп болады.

«Оқыс оқиғалардың барлығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексерілді. Алғашқы жартыжылдықта еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 998 жұмысшы оқытылып, аттестат берілді», - дейді М. Ахметов.

Соңғы жаңалықтар