СҚО-да 300 полицей баспанаға мұқтаж

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісімендер жергілікті полиция қызметкерлерімен кездесті. Жиында тәртіп сақшыларының тұрғын үй мәселесі көтерілді. СҚО ІІД басшысы Берік Біләлов департаменттің өз күшімен қызметкерлердің бір бөлігі баспаналы болғанын атап өтті. Алайда бұл жеткіліксіз. Өйткені өңірде тағы 300 полицей баспанаға мұқтаж.

«Былтыр полиция қызметкерлеріне арналған жатақхана пайдалануға берілді. 40-тан астам полицей «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі мүмкіндігін пайдаланып пәтерге ие болды. Осы банктің бағдарламасына сәйкес қызметкерлер үшін 100 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталды. Аудандық әкімдіктер учаскелік полиция инспекторларының тұрғын үй мәселесін шешіп беруде», - деді Б.Біләлов.

Депутаттар «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарлама мәселені түбегейлі өзгертетініне сенімді. Ол екінші жартыжылдықта іске қосылады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде ҚР Ұлттық банкінің еншілес мекемесін құру қолға алынған.

«Біздің есептеуімізше, 7-10 млн теңге несие алынғанда ай сайынғы төлем 50-70 мың теңге шамасында болады», - деді депутат Айгүл Нұркина.

Полицейлер тәртіп сақшыларының жалақысы 60 мың теңгеден басталатынына назар аударды. Олардың көпшілігіне жаңа бағдарламаның  талаптары келе бермейді. Сондықтан қазіргі таңда студенттер үшін ғана емес полицейлер үшін де жатақхана салынуы барынша өзекті.

Облыстық ІІД бастығы депутаттарға мемлекет тарапынан тергеуші, криминалист және жедел қызмет полицейлеріне пәтер жалдауға бөлінетін қаржыны ипотекалық несиені жабуға бағыттау мәселесін қарастыруды ұсынды.

Автор: Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар