СҚО-да 30 оқушыдан коронавирус анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылы басталғалы 30 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті медициналық көмектің сапасы мен тәуекелдерін бағалау бөлімінің басшысы Арман Күшбасов брифингіде 30 оқушы коронавируспен ауырғанын атап өтті.

«15 бала кезекші сыныптарға барған, қалған 15-і қашықтан білім алады. Олардың барлығы, сонымен бірге балалармен байланыста болғандар тексерілді. Оқушылар арасында сыныбымен ауырғандар жоқ. Кезекші сыныптар карантинге жабылған жоқ», - дейді Арман Күшбасов.

Маманның айтуынша, ұжымда, соның ішінде балабақша тобында КВИ жұқтыру анықталған жағдайда, онымен жақын байланыста болғандардың барлығы тексеріледі.

«Балабақшада тәрбиеші мен күтушіден басқа ешкімнің топқа кіруге құқы жоқ. Жұқтырған адам анықталған жағдайда, барлығы карантинге кетеді. Жақын байланыста болғандар бірі қалмай тексеріледі. Балабақшада болса топтың тәрбиеленушілері, күтуші, тәрбиеші және балалардың ата-аналары да тексеріледі», - дейді санитариялық дәрігер.

Бұған дейін 16 қазаннан бастап СҚО-да карантиндік шектеулердің күшейтілетінін айтқан едік. Облыстың бас санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, облыста бірқатар нысандардың жұмыс кестесіне өзгерту енгізілді.

Сондай-ақ КВИ жұқтырғандардың инкубациялық кезеңде 3-5 адамнан асып кетуіне байланысты тағы үш елді мекенде тұрғындардың жүріп-тұруы шектелді.


Соңғы жаңалықтар