СҚО-да 30 мейірбике мерекеге орай түрлі марапатқа ие болды
2022 жылғы 12 мамыр 21:00

СҚО-да 30 мейірбике мерекеге орай түрлі марапатқа ие болды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Халықаралық мейірбике күніне орай 30 мейірбике түрлі марапатқа ие болды. 45 жылдық еңбек өтілі бар Айман Құрманғалиева «Еңбек ардагері» атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл тұрғыны Айман Құрманғалиева 45 жыл бұрын анасының ақылымен Қарағанды медициналық училищесіне оқуға түсіп, мейірбике мамандығын алып шығады. 1971 жылы шақыртумен қазіргі Аққайың ауданы Аралағаш ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке жұмысқа орналасады. Кейін Петропавлдағы бірнеше емдеу мекемесінде еңбек етіп, 10 жыл бұрын зейнет демалысына шықты.

«Қазіргі мейірбике мен біздің кезіміздегі мейірбикенің жұмысын салыстыруға болмайды ғой. Бәрі жаңа, заманауи қондырғылар. Біз ине-шприцтерді өзіміз залалсыздандыратынбыз, қазір бір реттік шприцпен дәрі егіледі ғой. Хирургия бөлімшесінде жұмыс істедім, ол кезде жансақтау бөлімшесі деген жоқ. Отадан кейін бірден палатаға әкеледі. Науқастарды балаша күтеміз. 1 мейірбикеге 60 кісі болатын», - дейді Айман Құрманғалиева.

Зейнеткер 16 мамыр күні 70 жылдық мерейтойын атап өтеді. Жүздеген адамның аяққа тұрып кетуіне себепші болған Айман Қабидоллақызы бүгін – Халықаралық мейірбикелер күніне орай «Еңбек ардагері» атанды. Марапатты оған Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев табыс етті.

Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, мейірбикелер күні ол үшін де кәсіби мереке болып есептеледі. Өйткені денсаулық сақтау саласындағы алғашқы еңбек жолын Алматы қалалық ауруханасында мейіргер болып бастаған екен.

«Денсаулық – басты байлық. Денсаулықсыз бақытты өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан мейірбикенің жұмысы қашанда сұранысқа ие болмақ. Мейірбан жандардың біліктілігінен, кәсіби міндетіне жауапкершілікпен қарауынан, адамдарға жылулық сыйлап, көмектесуге даяр тұруынан денсаулық сақтау саласының жағдайын бағалауға болады. Сіздерге күнделікті қиындыққа толы жұмыстарыңызды, кәсіби міндеттеріңізді адал атқарғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін», - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Бұл күні өңірдің 30 мейірбикесі түрлі марапатқа ие болды. Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT