СҚО-да 30-ға жуық сәбиге «Сүйінші» сыйқорабы тарту етілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздік күні дүниеге келген 26 сәбиге ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай baby-бокстар сыйға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 16-17 желтоқсан күндері 26 сәби дүние есігін ашты. Олардың барлығына бөбектерге қажетті заттары бар «Сүйінші» сыйқорабы тарту етілді. Сондай-ақ baby-бокстарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» мерейтойлық монетасы мен баланың алғашқы құжаты - тууы туралы куәлігі салынған.

«Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», - деп жазылған Президенттің құттықтауында.

16 және 17 желтоқсанда туған балаларға туу туралы куәлікті алу туралы өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері қабылдап, әрі қарай құжатын ресімдеу үшін азаматтардың хал актілерін тіркеу органдарына жолданды.

Айта кету керек, «Сүйінші» сыйқораптарын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен» бірге және ҚР Ұлттық банк, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырды.

Петропавлда «Сүйінші» сыйқорабын ағашқылардың бірі болып Әсемгүл Садулова алды. Ол 16 желтоқсанда ұлын дүниеге әкелді. Baby-боксты жас анаға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры Жәнібек Қамбаров және «Қазпошта» АҚ СҚОФ директорының орынбасары Ғани Жарасбай табыс етті.

Бұл күні baby-бокстар облыстық перинаталдық орталыққа да жеткізіліп, мереке күні өмірге сәби әкелген аналарға таратылды.


Соңғы жаңалықтар